Теледебатта «Әділет» кандидаты жасанды интеллект мемлекеттік қызметкерлерді емес, жаңа мамандықтарды қалыптастыратынын айтты
Бүгін ұлттық теледебат кезінде «Ақжол» партиясының кандидаты Олжас Нұралдинов «Әділет» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаты Ренат Бектұровқа сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәлірек айтсақ, Нұралдинов «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы жасанды интеллектіні дамыту туралы бағыты жайлы білгісі келіп, өзін алаңдататын мәселені былай деп баяндады:
«Ренат мырза, партияңыздың бағдарламасында жасанды интеллектіні мемлекеттік қызметке енгігеміз деп жазылған екен. Әрине, қызық ұстаным. Бірақ қауіп-қатер бар. ЖИ мемелкеттік қызметке кірсе, мемлекеттік қызметкерлердің саны қаншалықты азаюы мүмкін? Мемлекеттік қызметке енді келген жас мамандар бірінші жұмыстан шығып кетпей ма, олар мемлекеттік қызметтен шығып қалса, қайда барады? «Еңбек биржасына» бару керек пе әлде қайтадан дайындайсыздар ма?», - деді өз сұрағын қойған Нұралдинов.
«Әділет» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидат Ренат Бектұров бұл сұраққа екі минутта жауап берді. Бектұров атап өткендей, жасанды интеллектінің әр салаға келуінен қорықпау керек, керісінше, оның игілігін көре білу керек.
«Олжас мырза, сұрағыңызға көп рақмет. Жасанды интеллектінің өмірімізге, соның ішінде мемлекеттік қызметтерге кіруінен қорықпау керек. Өйткені, оның басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қызметті тиімді алуына жағдай жасау. Сонымен қатар, мемлекеттің барлығымыздың өмірімізге әсер ететін шешімдерін аналитикалық тұрғыда тез қабылдауына жол ашады», - деді Бектұров өз сөзін бастай отырып.
Бұл сөзіне дәлел ретінде ол кезінде, мемлекеттік қызметтер цифрлық кезеңге аяқ баспай тұрып, азаматтар талай мекеменің табалдырығын тоздыратынын еске алды.
«Бір мысал айтайын. Барлығымыз болмаса да біразымыз цифрландыруға дейінгі мемлекеттік қызметтерді ұмытпаған шығармыз. Кезінде «БТИ», паспорттық стол деген мекемелер болатын. Бір құжатты алу үшін неше күн аралайтынбыз. Қазір цифрландыру арқылы барлық құжаттарды, құжат тұрмақ, көлігімізді бір күннің ішінде, ешқайда бармай-ақ рәсімдеп аламыз. Ал, содан бола жұмыссыз мемлекеттік қызметкерлер көбейді ме? Көбейген жоқ. Керісінше, қазір Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бар. Талай министрліктерде цифрландыру бойынша вице-минстр бар. Мемлекеттік қызметтің өзінде де осындай жаңа жұмыстар пайда болды. Бірақ, ең маңыздысы - ол біздің азаматтарға ыңғайлы», - деді Бектұров.
Сондықтан, Бектұровтың айтуынша, жасанды интеллект те сол сияқты ел игілігіне сай жұмыс істеу керек.
«Жасанды интеллект қағазбен жұмыс істейтін аналитиктер сияқты мамандарды жұмыссыз қалдырса да, олардың орнына «промт-инженер», «жасанды интеллект архитекторы» сияқты жаңа мамандықтар пайда болады. Ең бастысы – олардың қызметі адам үшін. Адамға осы қызметтің тиімділігі және адамның өнімділігін арттыру. Ол дегеніміз - экономиканың өнімділігін арттырады деген сөз. Сондықтан, ЖИ-ден, соның ішінде мемлекеттік қызметкер жұмыссыз қалады деп қорықпау керек. Керісінше, ЖИ арқылы жастарымыз жаңа мамандықтар тауып, кәсіпкер болып кетуі мүмкін», - деді Бектұров жауабын түйіндей отырып.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров