ҚХП төрағасы халықаралық бақылаушыларға сайлауалды науқанның барысы мен партия жұмысы туралы айтып берді
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) бақылаушылар делегациясы миссия басшысы, халықаралық және Еуроодақ істері жөніндегі тәуелсіз кеңесші Виктор Пикеттің жетекшілігімен Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) елордадағы сайлауалды штабына келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайлауға қатысып жатқан саяси партиялардың сайлауалды штабтарына келу халықаралық бақылаушылар миссиясының міндеті. Барлық саяси партиялармен кездесу барысында миссия үгіт-насихат кезеңінде партияларға тең жағдайдың жасалуын, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімділік пен сыртқы жарнаманы орналастыру мүмкіндігін объективті бағалайды.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Шоқанов халықаралық институттардың еліміздегі саяси үдеріске назар аударуының маңызын атап өтіп, бақылаушыларға сындарлы диалог үшін алғыс айтты.
«Еліміздегі ауқымды өзгерістерге қызығушылық танытып, демократия, сөз бостандығы, құқық үстемдігі және сайлау үдерісінің ашықтығы секілді маңызды мәселелерге тәуелсіз баға бергендеріңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз, — деді ол. — Қазақстан Халық партиясы да осы қағидаттарды қолдайды және жеңіс тек адал бәсекелестік арқылы келуі тиіс деп санайды».
Партия төрағасы ҚХП-ның қазіргі үгіт-насихат науқаны аясындағы жұмысы туралы қысқаша мәлімет берді. Партиялық тізімде 72 кандидат бар. Республика бойынша 155 сайлауалды штаб жұмыс істейді. 300-ден астам үгіт-насихат іс-шарасы өткізілді. 300-ден астам баннер орнатылып, 6795 плакат ілінді, 30 721 буклет таратылды. Сонымен қатар, Қазақстан Халық партиясы интернет-порталдарда, телеарналарда, түрлі цифрлық платформаларда, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде белсенді ақпараттық науқан жүргізуде.