Синоптиктер үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады
Атмосфералық фронттардың әсерінен алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады. «Қазгидромет» РМК алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, кей өңірлерде жел күшейіп, бұршақ жаууы мүмкін. Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және шығысында нөсер жаңбыр болжанады.
Тек Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Иран аумағынан келетін құрғақ ауа массаларының ықпалынан жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
«Ауа температурасы еліміздің басым бөлігінде біртіндеп көтеріледі. Тек батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерде аптап ыстықтың беті қайтып, 1 тамыз күні күндізгі температура +25...+35 градусқа дейін төмендейді. Ал Қазақстанның орталығында, шығысында және оңтүстік-шығысында күндіз ауа температурасы +33...+41 градусқа, ал оңтүстік өңірлерде +35...+44 градусқа дейін көтеріледі», - делінген синоптиктер болжамында.