Сол сияқты жер учаскелері де мемлекетке қайтарылды
Алматы прокуратурасының талап-арызы негізінде қала орталығындағы бұрынғы Теміржол апаттар медицинасы госпиталіне тиесілі ғимарат пен жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, 2018 жылы бірқатар кезектескен мәмілелер нәтижесінде бұрын Теміржол апаттар медицинасы госпиталіне тиесілі болған денсаулық сақтау нысаны мен жер учаскелері жеке меншікке заңсыз шығарылған.
Сауықтыру мақсатындағы жер учаскелері жер және мемлекеттік мүлік туралы заңнаманың талаптарын бұза отырып өткізілген.
Сот талқылауы барысында мәмілеге қатысушылардың өзара аффилирленгені және мемлекеттік мүліктің бәсекелестік ортадан тыс заңсыз шығарылғаны дәлелденді.
«Алмалы ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша сот мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару жөніндегі мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Сот шешімі заңды күшіне енді, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Нәтижесінде мемлекет меншігіне жалпы аумағы 0,3 га құрайтын екі жер учаскесі және ауданы 1 628 м2 болатын ғимарат қайтарылды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 2 млрд теңгеден асады», – делінген хабарламада.
Бұған дейін қала прокуратурасы аталған мүлікті атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сатуға шығарылған электрондық сауда-саттықтың күшін жойып, осы нысанға қатысты қосымша сот дауларының туындауына жол бермеген болатын.