Автоматтар, гранаталар, жүздеген оқ-дәрі: ҰҚК арнайы операциясының нәтижесі жарияланды

Автор: Асыл Арман

Барлығы 31 бірлік қару тәркіленді

Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция бірлескен арнайы операция барысында еліміздің бірнеше өңірінде заңсыз қару айналымының жолын кесті. Нәтижесінде автоматтар, тапаншалар, мылтықтар, гранаталар мен жүздеген оқ-дәрі тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҰҚК мәліметінше, еліміздің 8 өңірінде қару-жарақтың заңсыз айналымының жолын кесу бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары өтті.

Барлығы 31 бірлік қару, оның ішінде 4 автомат, 20 мылтық, 7 тапанша, 2 граната және 278 оқ-дәрі тәркіленді.

«Жедел-тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Бұл бағыттағы жұмыс жүріп жатыр», – делінген ҰҚК хабарламасында.