2029 жылға қарай 70 коммуналдық кәсіпорынды тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақтан шығару көзделген
Президент тапсырмасына сәйкес әзірленген «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елдегі желілік инфрақұрылымның тозуын орта есеппен 40%-ға дейін азайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2025-2029 жылдар аралығында инвестициялардың жалпы көлемі 13 трлн теңгені құрайды. Оның 6,8 трлн теңгесі коммуналдық секторға, ал 6,2 трлн теңгесі энергетика саласына бағытталады. Бұл қаражатқа 84 мың шақырым желі жөнделіп, 7 309 МВт қуат іске қосылады және 27 энергия өндіру нысаны салынып, қайта жаңартылады. Нәтижесінде инфрақұрылымның тозуы 40%-ға, ал нысандардағы апатты жағдайы 25%-ға азаяды», – деді ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев.
Оның айтуынша, 2026 жылы ТКШ саласын қаржыландыру көлемі 2025 жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайды. Тартылатын қарыз капиталының құрылымына халықаралық қаржы институттары, қазақстандық банктер және «Бәйтерек» инвестициялық холдингі кіреді.
«Ұлттық жобаға жеке және шетелдік капитал тартылған. 2026 жылға мақұлданған қарыздық қаржыландырудың жалпы көлемі 625 млрд теңгені құрайды, оның ішінде: 6 жетекші халықаралық қаржы институт қарастырылған. Бұл шаралар «ұзақмерзімді әрі төмен құны бар» қаржы ресурстарын тартуға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде коммуналдық қызметтердің өзіндік құнына түсетін жүктеме төмендейді», – деді Асан Дарбаев.
Еске сала кетейік, ұлттық жоба 2024 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған болатын. Бағдарлама жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы 247 табиғи монополия субъектісін қамтиды.