Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Ауыл» партиясының төрағасы Қ. К. Айтуғанов Қосшы қаласындағы «VIAMEDIS KOSSHY» медициналық ұйымының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттар Ш. А. Байманов, А. А. Разинков, Д. Райханова, Д. А. Бабамұратов және С. Р. Абдуразақова қатысты.
Кездесуді ашқан партия төрағасы Қ. К. Айтуғанов Қосшы қаласының қысқа уақыт ішінде еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан қалаларының біріне айналғанын атап өтті. Ол халық санының өсуі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамытуды талап ететінін айтты.
Кездесуде денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Партия төрағасы «Ауыл» партиясының бағдарламасы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды және медицина қызметкерлерін жан-жақты қолдауды көздейтінін айтты.
Оның айтуынша, партия медицина мамандарының еңбек жағдайын жақсартуды, саланың кадрлық әлеуетін күшейтуді, кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейтуді және заманауи технологияларды енгізуді қолдайды.
Сондай-ақ сапалы денсаулық сақтау жүйесі заманауи инфрақұрылымды дамытумен, халықты таза ауыз сумен, тұрақты электр қуатымен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етумен тығыз байланысты екені атап өтілді.
«VIAMEDIS KOSSHY» медициналық ұйымы Қосшы қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Күн сайын мекеме мамандары 1000-ға дейін пациентті қабылдап, кеңес береді, диагностика жүргізеді және қажетті медициналық көмек көрсетеді.
Кездесу барысында кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру салаларындағы басымдықтарға тоқталды.
Медицина қызметкерлері денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, мамандарды қолдау және әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту жөніндегі ұсыныстарын айтып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Барлық ұсыныстар алдағы жұмыста ескерілетін болды.