Атырау облысында 88,8 млн теңгеден астам ақша жымқырған бухгалтер рақымшылыққа ілініп кеткен

Прокуратураның наразылығынан кейін рақымшылықтың күші жойылды

Атырау облысында 88,8 млн теңгеден астам ақша жымқырған бухгалтер рақымшылыққа ілініп кеткен
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Атырау облысында 88,8 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталған бухгалтерге қолданылған рақымшылықтың күші жойылды. Бас прокуратура заң талаптарының сақталмағанын анықтап, кассациялық сот оның бастапқы 7 жылдық жаза мерзімін қайта қалпына келтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратураның мәліметінше, Атырау облысында мемлекеттік мекемелердің бірінің бухгалтері ұйым басшысымен бірлесіп, 2023-2024 жылдары 88,8 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.

Сот оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, кейін рақымшылық туралы заңды қолдану арқылы жазаны 4 жыл 8 айға дейін қысқартқан.

Бас прокуратура рақымшылықтың заңсыз қолданылғанын анықтады. Заңға сәйкес аса ірі мөлшерде жасалған жымқыру қылмысы үшін тағайындалған жаза келтірілген залал толық өтелген жағдайда ғана қысқартылуы мүмкін. Алайда сотталған шығынды толық өтемеген. Сонымен қатар одан 36,8 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алу туралы шешім шығарылған.

Соған қарамастан, бірінші сатыдағы сот жазаны үштен біріне қысқартқан, ал апелляциялық саты бұл заңбұзушылықты жоймаған.

«Бас прокуратураның наразылығы бойынша кассациялық сот рақымшылықты қолданудың күшін жойып, бастапқы жаза - 7 жыл бас бостандығынан айыруды қайта қалпына келтірді. Егер заңда көзделген келтірілген залалды толық өтеу талабы орындалмаса, рақымшылық қолданылмайды», – делінген хабарламада.