ЖСДП өкілдері Ескелді ауданында ауыл тұрғындарымен кездесті

Автор: Асқарова Қарлығаш

Кездесуде Құрылтайдың қоғамдағы рөлі талқыланды

Скриншот видео

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының «Жетісу» облыстық филиалының өкілдері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында партия өкілі Жасұлан Мұқаманов Құрылтайдың қоғамдағы рөліне тоқталып, оның еңбек адамдарының ұсыныс-пікірін тыңдап, өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды қоғамдық алаң екенін айтты.

«Құрылтай – түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтардың үнін еститін, қоғамдағы маңызды мәселелерді ортақ талқылауға мүмкіндік беретін алаң. Мұндай кездесулер тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін назарға алуға ықпал етеді», – деді Жасұлан Мұқаманов.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Жиынға қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын ортаға салды. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер халықпен тұрақты байланыс орнатуға және жергілікті тұрғындардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді.