1 500 адам еңбек ететін кәсіпорын: Respublica «Восток-Молоко» ұжымымен кездесті

Автор: Аягөз Құрмаш

Корпорацияда 1 500-ге жуық адам еңбек етеді

Фото: Respublica

Өскемен – Шығыс Қазақстанның өндірістік қуатын айқындайтын ірі орталықтардың бірі. Respublica партиясының сайлауалды сапары да дәл осы жерден жалғасып, ел экономикасын күн сайын маңдай терімен қалыптастырып жүрген еңбек адамдарымен кездесуден бастау алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін партия кандидаттары Қазақстандағы ірі сүт өндіруші кәсіпорындардың бірі – «Восток-Молоко» корпорациясының ұжымымен жүздесті. Корпорацияда 1 500-ге жуық адам еңбек етеді.

Соның 600-ге жуығы Өскемендегі зауытта жұмыс істейді. Мұнда тәулігіне шамамен 150 тонна сүт өңделіп, 100-ден астам түрлі өнім өндіріледі. Бұл өнімдер еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі.

Дүкен сөресіне жеткен әрбір сүт өнімі – жүздеген адамның адал еңбегінің, заманауи өндірістің және үлкен жауапкершіліктің жемісі. Сондықтан бұл кездесуде әңгіме тек өндіріс жайында ғана емес, отандық кәсіпкерліктің бүгіні мен ертеңі туралы өрбіді.

Кездесу барысында кәсіпорын ұжымы мен басшылығы бүгінде көптеген қазақстандық өндірушілерді алаңдататын мәселелерді ашық айтты. Атап айтқанда, жалақы деңгейі, білікті маман даярлау, салық жүктемесі, қаржыландырудың қолжетімділігі, өңдеу өнеркәсібін дамыту, заңнаманы жетілдіру және қазақстандық кәсіпорындардың ішкі әрі сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері сөз болды.

«Восток-Молоко» корпорациясының бас директоры Сейілжан Сайлаубаев өндірістің тұрақты дамуы кәсіпорынның табысты жұмыс істеуіне, цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен әрі ұтымды енгізуге және нақты өндіріс саласының үнін еститін заңдарға тікелей байланысты екенін атап өтті.

Осындай кездесулер Respublica партиясының сайлауалды науқанының негізгі ұстанымына айналды. Мінберден сөйлеу емес, ел экономикасын күн сайын еңбегімен өрге сүйреп жүрген азаматтармен бетпе-бет пікір алмасу – партия үшін басты қағида.

Respublica партиясының сайлауалды бағдарламасында еңбек адамы мен отандық өндірісті қолдау басты басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Бағдарламада еңбекақы қорына түсетін салық жүктемесін азайту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндірістерді іске қосу, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау және қазақстандық кәсіпорындардың тұрақты дамуына жағдай жасау көзделген.