«Ауыл» партиясының төрағасы Қосшыдағы мәдени-спорт кешенінің ұжымымен кездесті
Оның айтуынша, қала халқының өсуіне байланысты әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесі өзекті болып отыр
«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов Қосшы қаласындағы мәдени-спорт кешенінің ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біздің басты ұстанымымыз – «Қуатты өңірлер – қуатты орталық!» қағидаты. Қай өңірде тұрса да, әрбір қазақстандық сапалы жолға, таза ауыз суға, тұрақты электр қуатына, газға, жоғары жылдамдықты интернетке, заманауи мектеп пен медициналық қызметке қол жеткізуі тиіс. Өңірлердің дамуы – тұтас елдің дамуының кепілі», – деді Қайрат Айтуғанов.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қосшы қарқынды дамып келе жатқан қалалардың біріне айналып, халық санының өсуіне байланысты әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесі өзекті болып отыр.
Кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидаттар да сөз сөйлеп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Жиын соңында қатысушылар Қосшы қаласының даму перспективаларын талқылап, қойылған сұрақтарға жауап берді.