Алматы әуежайында Нидерланд пен Армениядан келген өнімдерден қауіпті зиянкес анықталды

Олардың өнімдері талапқа сай келмеген

Алматы әуежайында Нидерланд пен Армениядан келген өнімдерден қауіпті зиянкес анықталды
Фото: gov.kz

«Алматы халықаралық әуежайы» фитосанитариялық бақылау бекетінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекторлары қауіпті карантиндік зиянкес батыс гүл трипсімен залалданған импорттық өнімдердің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тексеру барысында зиянкес Нидерланд Корольдігінен жеткізілген салат көктері партиясынан, сондай-ақ Армениядан әкелінген 600 дана кесілген гүлден анықталды.

Аталған өнім иелеріне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабы 2-бөлігі («Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзу») бойынша әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Қазіргі уақытта АӨК мемлекеттік инспекция комитеті мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде фитосанитариялық бақылауды күшейтуді жалғастырып жатыр.Бұл шаралар еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін қорғап, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.