Ескерту белгісін алып тастаған: Семейде 8 жасар бала Ертіске батып кетті

Автор: Аягөз Құрмаш

ТЖМ дабыл қақты

Фото: © freepik.com

Ертіс өзенінің педагогикалық институт маңындағы бөлігінде шомылуға қауіпті деп танылған жерде 8 жастағы бала суға батып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облысының ТЖД берген ақпаратқа сәйкес, бұл аумақта осыған дейін шомылуға тыйым салатын ескерту белгісі орнатылған. Өкінішке қарай, белгісіз тұлғалар оны жерден жұлып, майыстырып кеткен, салдарынан демалушылар маңызды ескертусіз қалған.

Бұған дейін де ТЖБ қызметкерлері өткен жылдан бері қауіпті аумақтарға белсенді түрде орнатыла бастаған ескерту белгілерінің жұлынып қалғанын бірнеше рет анықтаған. Ол кезде кейбір семейліктер мұндай шараларды артық деп санап, бұл жерлерді бала кезінен білетінін айтқан, тіпті құтқарушылар мен полицейлердің рейдтеріне қарамастан, қалаған жерінде шомыла беретіндерін айтып нарызылық білдірген.

 «Ескерту белгілерін бұзбауды және зақымдамауды сұраймыз. Олар азаматтарға ескерту жасау және қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қауіпті орындарға орнатылады. Мұндай белгілердің болмауы қайғылы салдарға әкеп соғуы мүмкін», - деп үндеу жасады құтқарушылар семейліктерге.