Тергеп-тексеру барысында қылмыстық топтан 10 келіге жуық психотроптық зат алынды
Грузияда ұсталған есірткі қылмыстық тобының мүшесі Қазақстанға экстрадицияланды. Тергеу мәліметінше, ол Алматы облысында мефедрон өндіруді ұйымдастырып, қылмыстық топтың 1,8 миллиард теңгеден астам заңсыз табысын жылыстатуға атсалысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында анықталғандай, ол қылмыстық топтың мүшесі бола отырып, Алматы облысы аумағында аса ірі көлемде есірткі өндірісін ұйымдастырған. Кейіннен дайындалған психотроптық заттардың тектестері осы облыс пен Алматы қаласының аумағында жасырын түрде таратылған.
Тергеп-тексеру барысында қылмыстық топтан 10 келіге жуық психотроптық зат (мефедрон) алынды.
Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық әрекет нәтижесінде алынған заңсыз кірісті қаскүнемдер 1,8 млрд теңгеден астам сомада әртүрлі қаржылық операциялар, оның ішінде криптоалмастырғыштарды пайдалана отырып, және қосымша 600 миллион теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлікті, бизнес объектілерін және көлік құралдарын сатып алу арқылы заңдастырған. Бұл активтерге мемлекет пайдасына аудару мақсатында тыйым салынды.
«Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігі сотқа беріліп, олар бойынша сот талқылауы жүріп жатыр, ал оның кейбір мүшелері, оның ішінде күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жалтарып, халықаралық іздестіруге жарияланған. Осы жылдың қаңтарында ол Грузия аумағында ұсталып, ол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді. Қазіргі таңда тұлға тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.