Қазақстан Марокко арқылы Африка нарығына шығуды көздеп отыр – АШМ
Касабланкада өткен іскерлік кеңесте тараптар аграрлық сауда мен инвестиция мәселесін талқылады
Қазақстан Марокко арқылы Африка нарығына шығуды көздеп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Марокконың Касабланка қаласында өткен Қазақстан-Марокко іскерлік кеңесінің алғашқы отырысында ауыл шаруашылығы, сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Қазақстан делегациясының құрамында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Жувашев те болды. Ол Марокко тарапына Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін таныстырып, ұлттық астық операторының мүмкіндіктері туралы айтты.
Оның сөзінше, бүгінде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 80-нен астам еліне экспортталады. Соңғы екі жылдағы мол өнімнің нәтижесінде өткен маусымда Қазақстан 15,3 млн тонна астық пен ұн экспорттап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Сонымен қатар экспорт географиясы Еуропа, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне дейін кеңейген.
Мароккомен әріптестіктің нақты нәтижесінің бірі – қазақстандық бидай экспорты. 2025 жылдың мамырында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» бұл елге алғаш рет азық-түлік бидайын жөнелткен. Кейін басқа экспорттаушылардың жеткізілімімен бірге Мароккоға экспортталған астық көлемі 161,8 мың тоннаға жеткен.
«Біз Марокконы тек қазақстандық астықты өткізетін нарық ретінде емес, Солтүстік және Батыс Африкаға шығатын стратегиялық логистикалық әрі сауда хабы ретінде қарастырамыз», – деді Асылхан Жувашев.
Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты да талқылады. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларына марокколық инвесторларды тартуға қызығушылық танытқан. Сондай-ақ әлемдегі ең ірі фосфат тыңайтқыштарын өндірушілердің бірі – OCP Group компаниясының еншілес ұйымы OCP Nutricrops басшылығымен кездесіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырды.
Айта кетейік, Марокко – Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі сауда серіктесі. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 68%-ға өсіп, 461,5 млн долларға жетсе, 2026 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш тағы 58%-ға артып, 167,6 млн долларды құраған.
Жыл сайын шамамен 7 млн тонна астық импорттайтын Марокко Қазақстан үшін Солтүстік Африкадағы маңызды экспорттық бағыттардың біріне айналып келеді. Қазір Қазақстан бұл елге негізінен күкірт, бидай, майлы зығыр және бұршақ дақылдарын экспорттайды.