Халықаралық ғарыш станциясы экипажы отырған «Союз МС-28» кемесі Жезқазған маңына қонды

Ғарыш кемесінің бортында Халықаралық ғарыш станциясының үш экипаж мүшесі болды

Халықаралық ғарыш станциясы экипажы отырған «Союз МС-28» кемесі Жезқазған маңына қонды
Фото: Роскосмос

Халықаралық ғарыш станциясы экипажын алып келген «Союз МС-28» басқарылатын ғарыш кемесінің қону аппараты Қазақстан аумағына сәтті қонды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, қону Ұлытау облысындағы Жезқазған қаласы маңында Астана уақытымен сағат 16:27-де жүзеге асты.

Жерге «Роскосмос» ғарышкерлері Сергей Кудь-Сверчков пен Сергей Микаев, сондай-ақ NASA астронавты Кристофер Уильямс оралды.

«Бүгін Мәскеу уақытымен сағат 13:27-де «Союз МС-28» кемесінің қону аппараты Жезқазған қаласы маңына қонды. Бортта «Роскосмос» ғарышкерлері Сергей Кудь-Сверчков, Сергей Микаев және NASA астронавты Кристофер Уильямс болды. Таңертең кеме «Рассвет» модулінен ажыратылды», – деп мәлімдеді «Роскосмос» баспасөз қызметі.

Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, кемені орбитадан шығару және Жерге түсіру жұмыстары штаттық режимде өтті.