Жамбыл облысында «Байтақ» жасылдар партиясының жаңа бастауыш партия ұйымы ашылды

Жуалы аудандық бастауыш партия ұйымының жетекшісі қызметіне Алға Садықалиев ұсынылды

Жамбыл облысында «Байтақ» жасылдар партиясының жаңа бастауыш партия ұйымы ашылды
Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

Жамбыл облысы Жуалы ауданында «Байтақ» жасылдар партиясының жаңа бастауыш партия ұйымы ашылды. Шараға өңірлік филиал жетекшісі Нұрсұлтан Өмірбаев арнайы барып, қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол партияның негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталды. Әсіресе экологияны қорғау, жасыл экономиканы дамыту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытындағы жұмысты жандандыру қажетін айтты.

«Бастауыш партия ұйымын құру өңірдегі экологиялық бастамаларды дамытады. Сонымен қоса жергілікті жердегі партия жұмысын күшейтуге серпін береді», -- деді филиал төрағасы.

Жуалы аудандық бастауыш партия ұйымының жетекшісі қызметіне Алға Садықалиев ұсынылды. Оның кандидатурасын әріптестері бір ауыздан қолдап, дауыс берді. Ал хатшы болып Александра Панченко сайланды.

Жиында жасылдар партиясының су жаңа мүшелері таныстырылды. Филиал төрағасы оларға партиялық төсбелгілер табыстады.