Respublica партиясы Қарағандыда бизнес пен энергетика саласының өзекті мәселелерін қарастырды
Кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдары Салық кодексінің жаңа нормалары, кадр тапшылығы, тарифтік саясат және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту мәселелерін талқылады
Қарағандыда Respublica партиясының өкілдері кәсіпкерлер және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізіп, бизнес пен әлеуметтік саланың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысында келесі кездесу «Алып 2008» ЖШС ұжымымен және «Корзина» сауда кешенінің кәсіпкерлерімен өтті. Басқосуда Салық кодексінің жаңа нормалары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, B2B мәмілелері бойынша шегерімдердің шектелуі мен оның отандық өндірушілердің жұмысына тигізіп отырған әсері сөз болды.
Ең ашық әрі мазмұнды кездесулердің бірі «Қарағанды Жарық» кәсіпорнында өтті. Компания басшылығы кадр тапшылығы, тарифтік саясаттың жетілдіруді қажет ететін тұстары және сала мамандарының еңбекақысының төмендігі туралы айтты. Бас директор Дидар Ахмадиннің сөзінше, қолданыстағы жүйе қайта қаралмаса, энергетика саласындағы білікті мамандар тапшылығы одан әрі ушығуы мүмкін.
Партия мүшелерінің саны екі жүзге жуықтайтын «Луч» нейрооңалту орталығында оңалту медицинасын дамыту, салалық мамандар тапшылығы және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында VIII сайланған Мәжіліс экс-депутаты Екатерина Смолякова небәрі алты депутаттан тұратын Respublica фракциясының өзі ондаған маңызды заңнамалық бастаманың қабылдануына ықпал еткенін атап өтті.