Павлодар қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Медхат Жылқыбаев мұндай әрекеттің өте қауіпті екенін атап өтті
Павлодарда әлеуметтік желілерде тараған видеодан кейін полиция қызметкерлері Geely маркалы көліктің жүргізушісі мен жолаушысын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Өнерсүйер жолаушы қозғалыс кезінде терезеден беліне дейін шығып, ән шырқаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіге тараған кадрларда автокөліктің алдыңғы терезесінен сыртқа ұмтылған ер адамның жүріп бара жатып ән айтқаны анық көрінеді. Бұл видео патрульдік полиция батальонының назарына түсті.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары құқық бұзушылардың жеке басын анықтады. Жол жүрісі қағидалары мен жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзғаны үшін жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін сақтамаған жолаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Павлодар қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Медхат Жылқыбаев мұндай әрекеттің өте қауіпті екенін атап өтті.
«Ережені бұзып, көліктен сығалау жолаушының өзінің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді және ауыр жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді қатаң сақтауға шақырады», — деді ол.