Жамбыл облысында жоғалып кеткен малшы табылды

2007 жылы туған азаматты іздестіру-құтқару операциясы сәтті аяқталды

Жамбыл облысында жоғалып кеткен малшы табылды
Фото: ТЖМ

Жамбыл облысында 2007 жылы туған азаматты іздестіру-құтқару операциясы сәтті аяқталды. Жас жігіт Үшбас ауылының маңындағы Көкбастау жайылымына мал бағуға келіп, одан кейін байланысқа шықпай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақпарат түскен бойда шұғыл түрде арнайы іздестіру тобы құрылды. Жоғалған азаматты табуға ТЖМ, Полиция департаменті, әкімдік қызметкерлері және жергілікті тұрғындар бірге жұмылды.

Ауқымды іздестіру-құтқару операциясы барысында заманауи технологиялар кеңінен қолданылды. Атап айтқанда, жұмыстарға дрондар, кинологиялық есептоптар және Starlink жүйесі мен спутниктік байланыс терминалдары тартылды.

Жоғары жылдамдықты интернет пен заманауи жабдықтардың арқасында шалғай аумақта тұрақты байланыс орнатылып, құтқарушылардың әрекеті тиімді үйлестірілді.

Бүгін таңертең іздестіру тобы жоғалған азаматты Көкбастау жайылымынан шамамен 15 шақырым жерде тапты. Оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Медициналық көмек қажет болған жоқ.