Найзағай мен аптап ыстыққа байланысты Қазақстанда дауылды ескерту жарияланды

Автор: Алмас Ерсін

Күн райы +47 градусқа дейін ысиды деп күтілуде

Фото: © istockphoto.com

26 шілдеде Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Шымкентте күндіз солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.

Алматыда 26 шілдеде өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Қалада төтенше өрт қаупі сақталады. Медеу және Бостандық аудандарының Іле Алатауы аумағындағы таулы өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз нөсер жаңбыр мен бұршақ болуы мүмкін. Солтүстік-батыстан соғатын жел кей жерлерде секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.

Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі ықтимал. Түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз облыстың шығысында шаңды дауыл болады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Өңірдің батысы мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Абай облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ түсіп, дауыл тұруы мүмкін. Түнде және таңертең тұман болады. Солтүстік-батыс және солтүстік желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, күндіз 23 метрге дейін жетеді. Облыстың солтүстік-шығысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысында түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде нөсер жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде және таңертең өңірдің солтүстігінде тұман түсуі мүмкін. Күндіз солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Облыстың оңтүстігінде жоғары, ал оңтүстік-шығысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз нөсер жаңбыр мен бұршақ болуы ықтимал. Солтүстік-батыстан соғып, кейін солтүстік-шығысқа ауысатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, күндіз 23 метрге дейін жетуі мүмкін. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады, шығысы мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі бар.

Атырау облысында күндіз ауа температурасы 40-43 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық болады. Төтенше өрт қаупі сақталады. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде секундына 15-18 метрге дейін күшейеді.

Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл болуы мүмкін. Түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін жетеді. Облыстың батысында жоғары, оңтүстік-батысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Түркістан облысында күндіз таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл тұруы мүмкін. Солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы 40-41 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың солтүстігі, оңтүстігі және орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз шаңды дауыл күтіледі. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін, кейде 25 метрге дейін жетеді. Өңірдің батысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысында ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық болады. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-18 метрге дейін күшейеді. Облыстың оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысының шығысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл болуы мүмкін. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Өңірдің шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Жетісу облысының шығысында, оңтүстігінде және таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз тауда нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.

Қызылорда облысында күндіз шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыс және шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы 40-42 градусқа дейін көтеріледі. Облыс аумағында төтенше өрт қаупі сақталады.

Қостанай облысының оңтүстігінде 27 шілдеде ауа температурасы 41 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық болады.

Маңғыстау облысында 26-27 шілде күндері аптап ыстық сақталады. Күндіз ауа температурасы 43-47 градусқа дейін көтеріледі. Өңірдің орталығында шаңды дауыл болуы мүмкін. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.