Жамбыл облысында колледж студенттерінің әлеуметтік құқықтары бұзылған

8 студентке тиесілі әлеуметтік көмек берілмегені анықталды

Жамбыл облысында колледж студенттерінің әлеуметтік құқықтары бұзылған
Фото: © istockphoto.com

Жамбыл облысының прокуратурасы өңірдегі колледждердің бірінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттердің құқықтары тапталғанын анықтады. Мемлекеттік тексеруден кейін студенттерге тиесілі көмек толықтай қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокурорлық талдау барысында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 7 студентке, сондай-ақ мүгедектігі бар 1 студентке заңмен қарастырылған кепілдіктердің берілмегені белгілі болды.

Оқу орнының басшылығы студенттерге тиісті әлеуметтік қолдау шараларын көрсетпеген. Атап айтқанда, демалыс кезеңіне арналған сауықтыру жолдамалары бөлінбеген, жол жүру шығындары мен тәуліктік төлемдер өтелмеген, сондай-ақ студенттер киім-кешекпен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар, заңда көзделген 2 АЕК мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік көмек төленбеген.

Анықталған кемшіліктер бойынша прокуратура орган тарапынан колледж басшылығының атына прокурорлық қадағалау актісін енгізді.

Құжатты қарау қорытындысы бойынша заңбұзушылықтар толығымен жойылып, білім алушылардың тапталған әлеуметтік құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.

⁠Жамбыл облысында 8 студентке тиесілі әлеуметтік көмек берілмегені анықталды. Прокуратура араласып, білім алушылардың құқығын толық қалпына келтірді.⁠