ТЖМ ескертуі: сел жүру қаупі төнгенде не істеу керек

Автор: Дәулет Ботагөз

Тұрғындарға «дабыл шабаданын» дайындау мен эвакуация тәртібі ескертілді

Фото: ТЖМ

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің тұрғындарына сел тасқыны қаупі төнген кездегі негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салды. Дауылды ескертулерді елемеу өмірге қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сел жүру қаупі туралы дабыл түскенде немесе оның алғашқы белгілері байқалғанда, ғимараттан тез арада шығып, қауіпсіз биіктікке көтерілу қажет.Үйден шығар алдында өрт қауіпсіздігін сақтау үшін пешті өшіріп, газды жабу және барлық электр аспабын желіден ажырату ұсынылады.

Сел жүру қаупі бар өңірлерде тұратын азаматтар алдын ала «дабыл шабаданын» әзірлеп қоюы тиіс. Оның ішіне құжаттар, алғашқы көмек дәрі-дәрмектері, жылы киімдер, су мен бұзылмайтын азық-түлік қорын жинаған абзал.

Төтенше жағдайлар министрлігі таулы аймақтар мен өзен маңында жүрген тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Жаңбыр кезінде өзен арнасынан дереу алыстап, биік жерге көтерілу қажет. Сел ағынына 50–70 метрден жақын баруға болмайды, сондай-ақ құлама тас қаупі бар тік жартастардың маңында тоқтамаған жөн.

Сел өткеннен кейін де өзен арнасына бірден түсуге болмайды. Демалыс орындарын сел жүру қаупі бар аумақтардан алыс таңдап, эвакуациялық бағыттарды алдын ала жергілікті ТЖ бөлімшелерінен анықтап алу ұсынылады.