Министрлік әлеуметтік желіде тараған паспорт макеттерінің жалған екенін мәлімдеді
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде тарап жатқан жаңа паспорттың үлгісі ретінде жарияланған суреттердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ведомство құжаттың жаңартылған дизайнын әзірлеу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын еске салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде жарияланған эскиздер ресми жоба, жұмыс нұсқасы немесе мемлекеттік органдар әзірлеген не бекіткен қандай да бір құжат болып саналмайды.
«Әлеуметтік желілерде таралған эскиз ресми жоба, жұмыс нұсқасы немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары әзірлеген не бекіткен өзге де құжат болып саналмайды. Аталған материал Қазақстан Республикасы азаматы паспортының әзірленіп жатқан жаңа дизайнына ешқандай қатысы жоқ», – деп мәлімдеді министрлік.
Сонымен қатар ведомство жаңа паспорт дизайнын әзірлеу жұмыстары жалғасып жатқанын растады.
«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы азаматы паспортының жаңа дизайнының макеті әзірленіп жатыр. Аталған жұмыстар аяқталып, түпкілікті дизайн бекітілгеннен кейін бұл туралы мүдделі тараптарға белгіленген тәртіппен хабарланады», – деді ІІМ.
Министрлік өкілдері әзірге ресми макетті көрсету мүмкін емес екенін де түсіндірді. Себебі құжаттың соңғы нұсқасы әлі бекітілмеген.
«Әзірлеудің қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасы азаматы паспортының жаңа дизайнына қатысты эскиздер мен макеттерді ұсыну мүмкін емес, өйткені құжаттың түпкілікті дизайны әлі бекітілген жоқ», – деп түйіндеді ведомство.
Қазақстан паспортының жаңа дизайнын әзірлеу жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталды. Бұған дейін мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин жаңа құжат халықаралық заманауи стандарттарды, минималистік дизайнды және қолдан жасалудан қорғайтын қосымша қорғаныс элементтерін ескере отырып әзірленіп жатқанын хабарлаған болатын. Тұжырымдаманың негізіне Қазақстанның мәдени әралуандығы, көрікті жерлері және елдің өзге де ерекшеліктері алынған.
Сонымен бірге қолданыстағы паспорттарды жаппай ауыстыру жоспарланып отырған жоқ. Жаңа үлгідегі құжаттар қолданыстағы паспорттардың мерзімі аяқталған кезде, бүлінген жағдайда немесе азаматтың өз қалауы бойынша беріледі. Паспорт рәсімдеу құны өзгеріссіз қалады.