Трамп 60 елдің тауарына жаңа кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеді

Автор: Асыл Арман

Жаңа баж салығын енгізуге 1974 жылғы АҚШ-тың Сауда туралы заңының 122-бабы құқықтық негіз болып отыр

Фото: @realdonaldtrump

АҚШ әкімшілігі мәжбүрлі еңбекке қарсы күрес жеткіліксіз жүргізіліп жатыр деген уәжбен 60 елдің импортына 10%-дан 12,5%-ға дейінгі кедендік баж салығын енгізетінін жариялады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ-тың Сауда өкілі Джеймисон Грир кеңсесінің мәліметінше, бұл шаралар Еуропа Одағынан әкелінетін кейбір тауарларға да қатысты болады. Сондай-ақ импортқа 12,5 пайыздық баж салығы салынатын елдердің қатарына Ресей мен Қытай енгізілді.

Ал Еуроодақ, Тайвань, Жапония, Оңтүстік Корея және Швейцария елдерінен келетін тауарларға қолданыстағы сауда тарифтерін ескере отырып, 10 немесе 12,5 пайыздық мөлшерлеме белгіленеді.

Жаңа баж салығын енгізуге 1974 жылғы АҚШ-тың Сауда туралы заңының 122-бабы құқықтық негіз болып отыр. Бұл бапқа сәйкес, қосымша импорттық алымды 15 пайызға дейінгі мөлшерде ең көп дегенде 150 күнге енгізуге болады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін оны ұзарту үшін АҚШ Конгресінің мақұлдауы қажет.

Сарапшылардың пікірінше, елдегі жоғары инфляция жағдайында Конгресс мұндай шешімді қолдауы екіталай.

Еске салайық, биыл ақпанда АҚШ-тың Жоғарғы соты Дональд Трамптың бұған дейін Еуроодақты қоса алғанда ондаған сауда серіктесіне енгізген кедендік баж салығын заңсыз деп таныған болатын. Соттың пайымдауынша, ол төтенше жағдай туралы заңнамаға сүйене отырып, президенттік өкілеттігін асыра пайдаланған.

Осы шешімнің нәтижесінде АҚШ үкіметі бұрын заңсыз өндірілген миллиардтаған долларды қайтаруға міндеттелді.