АҚШ-та Mercedes көліктерін сатуға тыйым салынуы мүмкін
Жаңа талаптар Volkswagen мен BMW компанияларына да әсер етуі ықтимал
АҚШ Сенатына енгізілген заң жобасы Mercedes-Benz компаниясына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Құжатқа сәйкес, егер автокөлік өндірушісінің акцияларының 15 пайыздан астамы қытайлық инвесторларға тиесілі болса, оның көліктерін АҚШ-қа импорттауға, өндіруге және сатуға тыйым салынуы ықтимал. Қазіргі таңда Mercedes компаниясының шамамен 10 пайыз акциясы қытайлық BAIC автоконцерніне, тағы 10 пайызға жуығы қытайлық кәсіпкер Ли Шуфуға тиесілі. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алайда Mercedes бұл заң жобасының талаптарына жатпайтынын мәлімдеді. Компанияның айтуынша, бірде-бір қытайлық акционердің үлесі 10 пайыздан аспайды. Сонымен қатар, ірі акционерлер бақылау кеңесінің құрамына кірмейді және компанияның басқару шешімдеріне ықпал ете алмайды.
Mercedes АҚШ экономикасындағы маңызын да алға тартты. Компанияның мәліметінше, оның қызметіне елдегі шамамен 160 мың жұмыс орны тәуелді. Оның ішінде Алабама штатындағы Таскалуса мен Оңтүстік Каролинадағы Чарлстон қалаларындағы екі өндіріс орны бар.
«Заң жобасы қазір Сенаттың Сауда, ғылым және көлік комитетінде талқыланып жатыр. Ықпалды республикашыл сенатор Тед Круз заңдағы 15 пайыздық межеден мүлде бас тартуды ұсынды. Ол бұл көрсеткіш америкалық General Motors компаниясының неміс бәсекелесі – Mercedes-ке қысым жасау үшін арнайы белгіленген болуы мүмкін деген мәселе көтерді. Сонымен қатар Тед Круз да, заң жобасының авторы республикашыл сенатор Берни Морено да Mercedes көліктерін сатуға толық тыйым салуды көздемейтіндерін айтты. Мореноның сөзінше, құжат автокомпанияларға АҚШ Сауда министрлігінен ерекше рұқсат сұрауға мүмкіндік береді», – делінген басылым мәліметінде.
АҚШ – Mercedes үшін сатылым көлемі бойынша екінші ірі нарық. Заң жобасы интернетке қосылатын көліктерге қатысты. Яғни GPS, Wi-Fi немесе ұялы байланыс жүйелері орнатылған автомобильдер жаңа талаптың аясына кіреді.
Республикашылдар мұндай көліктердегі мәліметтер Қытай билігінің қолына түсуі мүмкін деп қауіптенеді.
Жаңа талаптар Volkswagen мен BMW компанияларына да әсер етуі ықтимал, өйткені олар қытайлық жеткізушілермен тығыз ынтымақтастық орнатқан.