Жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген: Қазақстанда адам саудасымен айналысқан екі топ ұсталды

Адам саудасының әртүрлі нысандары бойынша 80 қылмыс тіркелді

Жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген: Қазақстанда адам саудасымен айналысқан екі топ ұсталды
Фото: freepik.com

ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Самат Құсетов адам саудасына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігі «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды іске асыру аясында мақсатты республикалық жедел-профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде мәжбүрлі еңбек, жыныстық қанау және ағзаларды сылып алу сияқты адам саудасының әртүрлі нысандары бойынша 80 қылмыс тіркелді. Құқық қорғау органдары адам саудасымен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) заңсыз әрекетін тоқтатты. Оның бірі Алматы мен Шымкент қалаларында әрекет еткен.

«Қылмыстық топ белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды іздеп, жалдаумен айналысқан. Олардың атына оң кредиттік тарих қалыптастырып, кейіннен қымбат автокөліктерді ресімдеу және оларды сату мақсатында пайдаланған. Бүгінгі таңда ұйымдастырушылар ұсталып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деді Самат Құсетов.

Сонымен қатар, жезөкшелікпен айналысуға және жыныстық сипаттағы қызметтер көрсетуге әдейі үй-жай бергендерге қатысты 758 әкімшілік іс қозғалды. Тәркіленген айыппұлдардың жалпы сомасы 213 миллион теңгеден асты.

ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалық базаны жетілдіру, адам саудасының алдын алу және осындай фактілерді ерте анықтау бойынша кешенді шараларды одан әрі жалғастыруда.