Еуроодақ Google-ға 890 млн еуро көлемінде айыппұл салды

Автор: Асыл Арман

Google бұл шешімге қатысты сотқа шағым түсіре алады

Фото: istockphoto.com

Еуропа Одағы Google компаниясына бәсекелестік талаптарын бұзғаны үшін 890 миллион еуро көлемінде рекордтық айыппұл салды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Еуропалық комиссияның мәліметінше, америкалық компания Google іздеу жүйесі мен Google Play қосымшалар дүкені арқылы өз қызметтеріне заңсыз артықшылық беріп, бәсекелестерді тиімсіз жағдайға қойған. Тергеу қорытындысы Брюссельде жарияланды.

Басылым мәліметінше, тергеу барысында Google өз сервистерін іздеу нәтижелерінде жоғары орынға шығарып отырғаны анықталған. Бұл компанияға бәсекелестікте заңсыз артықшылық берген. Сонымен қатар, Google Play дүкенінде әзірлеушілерге қосымшаларын өзге платформалар арқылы ұсынуға кедергі келтіргені айтылды.

Еуроодақ Google-дан заңға қайшы тәжірибесін тоқтатуды талап етті. Еурокомиссияның хабарлауынша, бұл мәселе бойынша компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Google іздеу жүйесі мен Google Play алгоритмдерін өзгерту жұмысын бастап кеткен. Компанияға талаптарды орындау үшін 60 күн уақыт берілді. Егер белгіленген мерзімде талаптар орындалмаса, қосымша айыппұлдар салынуы мүмкін.

Еурокомиссияның цифрлық мәселелер жөніндегі комиссары Хенна Вирккуненнің айтуынша, бұл шешім цифрлық нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, өзге компаниялардың инновацияларды дамытуына мүмкіндік береді.

Еуроодақта бірнеше жылдан бері цифрлық экономикадағы монополияларды шектеуге бағытталған Цифрлық нарықтар туралы заң (Digital Markets Act) қолданыста. Бұл заңды бұзған компанияларға олардың әлемдік жылдық айналымының 10 пайызына дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Ал Еурокомиссияның бәсекелестік жөніндегі комиссары Тереса Рибераның айтуынша, «ең үздік өнімдер іздеу жүйесіне иелік ететін компанияға тиесілі болғаны үшін емес, сапасының арқасында жеңіске жетуі тиіс».

890 миллион еуро көлеміндегі айыппұл цифрлық компанияларға салынған ең ірі санкция ретінде тіркелді. Бұған дейін, 2025 жылы, Еуроодақ Meta компаниясына 200 миллион еуро, ал Apple компаниясына 500 миллион еуро көлемінде айыппұл салған болатын.

Google бұл шешімге қатысты сотқа шағым түсіре алады.