ШҚО-да түрмеде отырған адамға танысы азық-түлік арасына планшет жасырып бермек болған

Сотталушыға жіберілген сәлемдемеден планшет пен жады картасы табылды

ШҚО-да түрмеде отырған адамға танысы азық-түлік арасына планшет жасырып бермек болған
Фото: istockphoto.com

ШҚО-да сотталған азаматтың атына келген сәлемдемені тексеру кезінде жедел және режим бөлімдерінің қызметкерлері Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірлесіп, азық-түлік арасына мұқият жасырылған тыйым салынған заттарды анықтады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Yk.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, сәлемдемеден Android операциялық жүйесіндегі планшет, көлемі 32 ГБ жады картасы және зарядтау құрылғысы табылды.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, мұндай әрекеттер кейбір азаматтардың сотталғандардың сыртқы ортамен заңсыз байланыс орнатуына жағдай жасауға тырысатынын көрсетеді. Алайда қызметкерлердің кәсіби жұмысының арқасында колонияға заңсыз жеткізілмек болған заттар дер кезінде анықталып, жолы кесіліп отыр.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожықанованың айтуынша, түзеу мекемелеріне келіп түсетін әрбір сәлемдеме міндетті түрде тексеруден өтеді.

«Барынша мұқият жасырылған тыйым салынған заттардың өзі назардан тыс қалмайды. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мекемелердегі режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күн сайын кешенді жұмыстар жүргізеді», – деді ол.

Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандарға тыйым салынған заттарды жеткізуге әрекет жасау Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу болып саналатынын және ол үшін заңда белгіленген жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.