Екі сағатта 75 рет қоңырау шалып, 35 жеріне пышақ сұққан: Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сұмдық мәлімет жария болды

Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» баптары бойынша айып тағылды

Екі сағатта 75 рет қоңырау шалып, 35 жеріне пышақ сұққан: Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сұмдық мәлімет жария болды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Шымкентте қоғам назарын аударған Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша соттың алдын ала тыңдауы өтті. Прокурор айыптау актісін жариялап, айыпталушыға тағылған айыптарды баяндады. Тергеу мәліметінше, күдікті қызды еркінен тыс алып қашқан, ұзақ уақыт аңдып, кейде екі сағаттың ішінде 76 рет қоңырау шалған. Саябаққа баруға келіспегені үшін 35 жерінен пышақтап тастаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Өткен жолы денсаулығына байланысты сот отырысына қатыса алмаған айыпталушы Шерхан Аймахан бұл жолы сотқа айдауылмен жеткізілді. Оның мойны мен сол қолы медициналық дәкемен ораулы болды.

Сот отырысында прокурор айыптау актісін жариялады. Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» баптары бойынша айып тағылды. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов қылмыстың мән-жайын баяндады.

«Айыпталушы Аймахан қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында өзімен бірге алдын ала алып келген пышақты шығарып, жәбірленуші Нұрай Серікбайға 5-6 рет сұғып алған. Қыздың айқайын естіген куәгер Беркімбаева оқиға орнына келген. Өз әрекетінің қылмыстық сипатын түсінген және жауапкершіліктен жалтаруды көздеген күдікті қашып кетуге әрекет жасап, шамамен бес-алты метр жүгірген. Алайда кейін қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізу үшін қайта оралған. Куәгердің көз алдында жерде жатқан Нұрай Серікбайға қайта жақындап, оған жалпы саны 35 рет пышақ сұққан. Оның тоғызы – кесіп-тескен, жиырма төрті – ішкі ағзаларға өткен терең пышақ жарақаты болған. Алған жарақаттары мен көп қан жоғалтудың салдарынан Нұрай Серікбай оқиға орнында көз жұмды. Осыдан кейін күдікті оқиға орнынан бой тасалаған», – деді прокурор Мадияр Әбілқасымов.

Прокурордың айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Нұрай Серікбай үйінен дүкенге шыққан. Сол сәтте оны Шерхан Аймахан жолықтырып, бірге саябаққа баруды ұсынған. Қыз бұл ұсыныстан бас тартқан. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, дәл осыдан кейін Шерханда Нұрайды өлтіру ниеті пайда болған.

Нұрай Серікбай Шерхан Аймаханмен туыстарының отбасылық жиынында танысқан. Біраз уақыттан кейін екеуі кездесіп жүрген, кейін жігіт оған үйленуге ұсыныс жасаған. Алайда Нұрай отбасы құруға әлі дайын еместігін айтып, ұсыныстан бас тартқан. Соған қарамастан, сотталушы қызды оның еркінен тыс алып кеткен.

Нұрай көмек сұрағаннан кейін ағалары полиция қызметкерлерімен бірге оны Шерханның үйінен алып кеткен. Алайда осыдан кейін де ол қызды қудалауын тоқтатпаған. Тергеу деректеріне сәйкес, кейде екі сағаттың ішінде Нұрайға 76 рет қоңырау шалған. Қыздың кездесуден бірнеше мәрте бас тартқанына қарамастан, сотталушы онымен барынша байланыспақ болған.

Осының салдарынан Нұрай телефон нөмірін екі рет ауыстыруға мәжбүр болған. Бірақ бұл да оны тоқтатпаған.

Сотталушы өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол сот залына журналистердің қатысуына және процестің онлайн көрсетілуіне қарсы екенін айтты. Сондай-ақ істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды сұрады.

Тараптардың пікірін тыңдағаннан кейін сот негізгі сот талқылауын тағайындау туралы шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Нәтижесінде істі мәні бойынша қарау жөніндегі алғашқы сот отырысы 28 шілдеге белгіленді. Судья бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуы мен сот процесін тікелей эфирде көрсету мәселесіне қатысты да шешімін жариялады.

«Тараптардың ұстанымдары қарама-қайшы болғандықтан, сот процесін тікелей онлайн көрсетуге рұқсат берілмейді. Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекстің 29-бабына сәйкес сот талқылауы ашық түрде өтеді. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сот отырысына қатысып, заңда белгіленген тәртіппен фото және бейнетүсірілім жүргізе алады. Бұған ешқандай кедергі жоқ. Алайда тараптардың келісімі болмағандықтан, сот процесін тікелей эфирде көрсетуге жол берілмейді», – деді судья Самиддин Теміралиев.

Бұған дейінгі сот отырысына сотталушы денсаулық жағдайына байланысты қатыспаған. Оның денсаулығы туралы медициналық анықтаманы тергеу изоляторы ұсынған. Сотта Шерхан Аймаханның мүддесін төрт адвокат қорғаса, жәбірленуші тарапта екі қорғаушы отыр.

Қылмыс биыл 11 қаңтарда болған. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жеті айға созылды.