Осыған дейін мұндай мүмкіндік тек жалпы орта білім беру ұйымдарында болған
Қазақстанда мемлекеттік колледждердің спорт залдары, бассейндері мен стадиондары енді сабақтан тыс уақытта тұрғындарға қолжетімді болады. Заңға енгізілген өзгерістер спорт инфрақұрылымын тиімді пайдалануға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тиісті өзгерістер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы аясында «Білім туралы» заңға енгізілді.
Осыған дейін мұндай мүмкіндік тек жалпы орта білім беру ұйымдарында болған. Енді колледждердің спорт залдары, бассейндері, стадиондары және өзге де спорт нысандары оқу сабақтары аяқталғаннан кейін елді мекен тұрғындарының пайдалануына ұсынылатын болады.
«Жалға беруден түсетін кірістерді колледждер спорт нысандарын күтіп-ұстауға және жөндеуге, заманауи спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны дамытуға бағыттай алады. Қабылданған өзгерістер мемлекеттік колледждердің спорт инфрақұрылымын тиімді пайдалануды қамтамасыз етіп, бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және Қазақстан азаматтарының дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануына қолайлы жағдайлардың қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді», – делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.