2,5 млрд теңге жымқырған: Вьетнамда ұсталған күдікті Қазақстанға экстрадицияланды

Кінәлілердің мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 8 жылға дейін сотталды

2,5 млрд теңге жымқырған: Вьетнамда ұсталған күдікті Қазақстанға экстрадицияланды
Фото: ҚМА/Видеодан скрин

2,5 миллиард теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікті Вьетнамда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Тергеу мәліметінше, ол сот сараптамасы органдарына арналған жабдықтардың құнын бірнеше есе көтеру арқылы ірі көлемдегі қаржыны жымқыру схемасын ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2023-2025 жылдарға арналған Есірткіге қарсы іс-қимыл және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Алайда күдікті орталық директоры Сатыбалдиев Р.К., Мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы Искендерова Д.Б., сондай-ақ «Марк Инвест» ЖШС мен «Direct Services» ЖШС-нің басшысы Шынтемірова А.А.-мен сөз байласып, жабдықтардың құнын үш есеге дейін негізсіз көтеру және жалған коммерциялық ұсыныстарды пайдалану арқылы бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырған.

Сот үкімімен Сатыбалдиев Р.К., Искендерова Д.Б. және Шинтемирова А.А. кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысының мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«2025 жылғы наурызда ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланып, сот санкциясымен оған қатысты сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Осы жылдың басында ол Вьетнам Социалистік Республикасының аумағында ұсталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің, Интерполдың Ұлттық орталық бюросының және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде күдікті ұсталып, Қазақстан Республикасына жеткізілді. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҚМА хабарламасында.