«Алтыналмас» кәсіпорнында қайғылы оқиға: өндіріс орнында жұмысшы қаза тапты

Павлодардағы өндірістік нысандағы қайғылы оқиға тексеріліп жатыр

«Алтыналмас» кәсіпорнында қайғылы оқиға: өндіріс орнында жұмысшы қаза тапты
Фото: freepik.com

Павлодар облысындағы «Алтыналмас АК» АҚ өндірістік нысандарының бірі – «Пустынное» тау-кен байыту кешенінде өндірістік жазатайым оқиға салдарынан қызметкер қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Компания мәліметінше, «Пустынное» ТБК екінші саты ұсақтау корпусының конвейер машинисі Кәрім Рымбаев қаза болды. Оқиғаның себеп-салдары мен мән-жайын уәкілетті органдар анықтап жатыр.

Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне қайғырып көңіл айтамыз. Компания оның отбасына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетеді.

«Оқиғаның нақты мән-жайларын бұрмалайтын және ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіруі ықтимал жалған немесе тексерілмеген ақпаратты тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертеміз. Тексерілмеген ақпаратты таратпауларыңызды және тек уәкілетті мемлекеттік органдар мен Компанияның баспасөз қызметі ұсынған ресми деректерге ғана сүйенуді сұраймыз», – делінген хабарламада.