145 мандатқа 545 кандидат: Құрылтай сайлауына қатысатын барлық партияның тізімі тіркеуден өтті

Автор: Асқарова Қарлығаш

ОСК партиялық тізімдерді тіркеп, сайлау науқанының жаңа кезеңіне жол ашты

Фото: Azattyq Rýhy

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға ұсынылған партиялық тізімдерді тіркеу қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес ұсынылған кандидаттардың Конституция мен сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігі тексеріліп, нәтижесінде сайлауға қатысуға ниет білдірген барлық жеті саяси партияның партиялық тізімдері тіркелді.

Сонымен қатар, кандидаттар мен олардың жұбайлары тіркелгенге дейін активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырады. Ал декларацияларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын мемлекеттік кіріс органдары кандидат тіркелген күннен бастап он бес күн ішінде тексереді.

Тіркелген партиялық тізімдерге жалпы 545 кандидат енгізілді. Оның ішінде «Ақ жол» партиясынан – 63, «Ауыл» партиясынан – 69, «Әділет» партиясынан – 186, «Байтақ» партиясынан – 47, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан – 33, Халық партиясынан – 72, ал Respublica партиясынан 75 кандидат тіркелді.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Құрылтайдағы депутаттық мандаттардың жалпы саны 145-ті құрайды. Ал партиялық тізімдердегі әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі 43,9 пайыз болды.