Баланың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер екі кезеңнен тұратын хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылдады
Алматыда бесінші қабаттан құлаған төрт жасар баланың өмірін дәрігерлер сақтап қалды. Аса күрделі нейрохирургиялық операциядан кейін кішкентай науқастың қимыл-қозғалыс қызметі қалпына келтіріліп, мамандар оның оңалтудан соң өздігінен жүре алатынын айтып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының мәліметінше, кішкентай науқас аурухананың қабылдау бөліміне шұғыл түрде жеткізілді. Жан-жақты тексеру нәтижесінде дәрігерлер оған көптеген ауыр жарақатпен қатар, бірінші бел омыртқасының ығысуымен болған компрессиялық сынуы және жұлынның жарақат салдарынан қысылуы диагнозын қойды.
Баланың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер екі кезеңнен тұратын хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылдады.
Алғашқы кезеңде жұлынның қысылуы мен жамбас ағзалары қызметінің бұзылуына байланысты нейрохирургия бөлімінің мамандары жоғары технологиялық ота жасады. Бөлім меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаев нейрохирургтер – Мұхтар Ибрагимов және Алтай Анарбаймен бірлесіп, бірінші бел омыртқасына ламинэктомия жасап, жұлын өзегін қысымнан босатты. Кейін транспедикулярлық бекіту жүйесінің көмегімен бел омыртқасы тұрақтандырылып, соның нәтижесінде баланың қимыл-қозғалыс және сезімталдық қызметтері сақталып қалды.
Мамандандырылған медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі және көпбейінді дәрігерлер тобының үйлесімді жұмысының арқасында бала аман қалды.
«Біз баланың қимыл-қозғалыс қызметін қалпына келтірдік. Оңалту емінен кейін ол өздігінен жүре алады», – деді нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаев.
Қазір кішкентай науқастың жағдайы едәуір жақсарды. Стационарлық ем толық аяқталғаннан кейін ол әрі қарай амбулаториялық бақылау мен оңалтудан өту үшін үйіне шығарылды.