Қарағанды облысында тоқтаусыз жұмыс істейтін кен орындарында да сайлау учаскелері ашылды
4 учаске жабық нысанда ашылды
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Құрылтай сайлауына қатысты саяси партиялардың үгіт-насихат жүргізу орындарына қатысты айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Облыс бойынша баспа материалдарын орналастыру үшін барлығы 132 орын белгіленді. Оның ішінде облыс орталығында 30 орын, аудандарда – 102 орын. Билбордтарға арналған 33, баннерлерге арналған 196, LED-экрандарға арналған 82 конструкциямен жабдықтау бойынша шаралар қабылданды.Оның ішінде облыс орталығында 15 билборд және 50 LED-экран бар. Ал аудандарда 18 билборд, 196 баннер және 32 LED-экран орналасқан. Орта есеппен әр ауданға 24 конструкциядан келеді. Стенд пен қалқандардың көлемі Қазақстан Республикасы Құрылтайда тіркелген барлық саяси партиялардың үгіт материалдарын орналастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бейне материалдарды 329 жерде көрсету мүмкіндігі бар», - деді облыс әкімі ОСК отырысында.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейге ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров күндіз-түні жұмыс істейтін өндіріс ошақтарындағы жағдайды сұрады.
«Біз жаңа ғана қолданыстағы «Сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген бірсыпыра өзгерістердің ішінде жаңа бір норма айтылды. Атырау облысы баяндама жасаған кезде, вахталық поселкелерде сол жерде ашылатын учаске ашуға болатын мүмкіндік заңда қарастырылған. Сонымен қатар тоқтаусыз жұмыс істейтін өндірістер бар, олар күндіз-түні жұмыс істейді. Осы Қарағанды облысында, мысалы, шахталар бар, «Қармет» бар, тағы сондай металлургтер, кеншілер жұмыс істейтін жерлер бар. Сол жерлерде жаңа учаскелер ашу мәселесін әкімшілікпен, біздің комиссиялармен бірлесіп қарадыңыздар ма? Осындай орындарды қарастырдыңыздар ма? Жеті саяси партия өздерінің үгіт материалдарын сол учаскелердің жанынан ілетіндей мүмкіндікті қарастырдыңыздар ма?», - деді Әбдіров.
Әлібек Әлденей заңға сәйкес төрт учаске ашылғанын айтты.
«Олардың төртеуі де «Қармет» акционерлік қоғамына тиесілі. Жалпы, бұл төрт ашылған учаске жабық объектілерде орналасқан. Ол жерлерде, кіре берістерінде тиісті орындар қарастырылған. Әр учаскенің алдында жақсы орын бар», - деді ол.