ОСК Құрылтай сайлауына дайындықты талқылады
Орталық сайлау комиссиясының Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны аясындағы оныншы отырысы өтті. Оған бейнебайланыс арқылы еліміздің барлық өңірінің аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында еліміздің барлық өңірінің сайлауға дайындық барысы қаралды. Өңірлік сайлау комиссиялары кандидаттардың үгіт-насихат жұмысын жүргізуіне арналған орындар белгіленіп, сайлаушылармен кездесулер өткізуге қажетті үй-жайлардың дайын екені туралы есеп берді.
Отырыс барысында ОСК мүшесі Шавхат Әнесұлы Ақтөбе облысында болған дауылдың салдарына байланысты мәселе көтерді. Ол табиғи апаттың үгіт-насихат жүргізуге арналған орындарға әсер еткен-етпегенін сұрады. Бұған жауап ретінде өңірдегі барлық нысанның қалпына келтірілгені және үгіт-насихат жүргізуге арналған орындардың толық дайын екені мәлімделді.
Сондай-ақ Шымкент қаласының сайлауға дайындығы туралы ақпарат тыңдалды. Осыған байланысты ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров халық санының артуын ескеріп, үгіт-насихат жұмысына арналған орындарды көбейтуді тапсырды.
«Шымкент – халық ең көп шоғырланған қалалардың бірі. Жаңа шағынаудандар салынып, тұрғындар саны артып келеді. Сондықтан үгіт-насихат жүргізуге арналған орындарды көбірек қарастырған жөн. Сонымен қатар, барлық жеті партияға тең мүмкіндік беріліп, үгіт-насихат жүргізуге арналған орындар бәріне бірдей бөлінуі тиіс», – деді ол.
Бұдан бөлек, отырыста еліміздің батыс өңірлерінде вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды. ОСК олардың еш қиындықсыз дауыс беруіне барлық қажетті жағдай жасалатынын, бұл бағыттағы дайындықтың қосымша бақылауға алынатынын атап өтті.
Отырыс қорытындысында сайлау науқаны барысында барлық кандидат пен саяси партияларға тең жағдай жасау, өңірлердегі дайындық жұмысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі тағы бір мәрте айтылды.