Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар бұған дейін де жанжалдасқан
Алматыда бірнеше күн бұрын басталған жанжал пышақ жарақатымен аяқталды. Бостандық ауданында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ер адам қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жедел қызметтердің пультіне пышақ жарақаты туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері кеуде тұсынан жарақат алған жас жігітті ауруханаға жеткізді.
«Буран-405» патрульдік экипажы күдіктіні ізін суытпай ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар бұған дейін де жанжалдасқан. Бірнеше күннен кейін дау қайта өршіп, суық қару қолдануға ұласқан.
«Анықталғандай, күдікті ескі ғимаратты бөлшектеу жұмысын жүргізген бригада құрамында жұмыс істеген. Ал жәбірленуші жақын маңдағы үйлердің бірінде тұрады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция қызметкерлері бірқатар тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Оның ішінде қылмыс құралы болуы мүмкін заттың орналасқан жері анықталуда», – делінген ПД хабарламасында.