Қазақстанда битум өндірісі 750 мың тоннаға дейін артты

Автор: Асыл Арман

Қазақстанда битум өндірісінің көлемі артты

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда жол құрылысына қажет битум өндірісі айтарлықтай артты. Маңғыстаудағы «Caspi Bitum» зауыты жаңғыртудан кейін жылына 750 мың тонна өнім шығаратын деңгейге жетіп, елдің ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов зауытты жаңғырту аясында кәсіпорынның қуаттылығы жылына 500 мыңнан 750 мың тоннаға дейін ұлғайтылғанын баяндады.

Кәсіпорын ҚР СТ 1373 стандарты бойынша мұнай жол битумын ғана емес, сонымен қатар жоғары беріктігімен ерекшеленетін модификацияланған битумды, сондай-ақ жыл бойы жөнелтуге мүмкіндік беретін 200 мың тоннаға дейін қапталған битумды шығарады.

«Бұл зауыттың бірегейлігі – өзге мұнай өңдеу зауыттарынан айырмашылығы, ол тек Қаражанбас кен орнының мұнайынан битум өндіруге маманданған. Аталған кен орнындағы мұнай құрамындағы битумдық фракциялардың үлесі 50%-ға дейін жетеді. «ҚазМұнайГаз»ұлттық компаниясы құрамында екі битум зауыты жұмыс істейді: бірі – жылына 750 мың тонна, екіншісі – Павлодардағы жылдық қуаты 500 мың тонна зауыт. Осылайша, «ҚазМұнайГаз» жылына 1,2 млн тонна битумға деген ішкі сұранысты қамтамасыз етіп отыр. Бұл Мемлекет басшысының берген тапсырмасына толық сәйкес келеді», – деп баяндады Асхат Хасенов.