Бурабайда күн райы күрт бұзылып, 7 адам көлдің ортасында қалып қойды (ВИДЕО)

Автор: Асқарова Қарлығаш

Олардың арасында емізулі сәби де болған

Фото: pixabay.com

Ақмола облысының Бурабай ауданында ауа райының күрт нашарлауына байланысты көлде қалған жеті адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Бурабай көлінің акваториясын патрульдеу кезінде құтқарушылар жағадан шамамен 800 метр қашықтықта қалған алты адамды қауіпсіз жерге жеткізген. Олардың арасында емізулі сәби де болған. Демалушылардың барлығы құтқару кеудешесін киген, ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.

Осы уақытта Щучинск қаласындағы Щучье көлінде де осындай жағдай тіркелді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жағадан бір шақырым қашықтықта балық аулап жүрген азамат жағаға өз күшімен орала алмай қалған. Оны ТЖМ жедел-құтқару жасағының қызметкерлері резеңке қайықпен жағаға алып шықты. Ер адам да құтқару кеудешесін киген, медициналық көмекті қажет етпеген.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды ауа райы құбылмалы кезде су айдындарына шықпауға шақырады. Қайықпен немесе басқа жүзу құралымен суға шығар алдында оның техникалық жарамдылығын мұқият тексеріп, өзіңізбен байланыс құралдары мен құтқару кеудешесін міндетті түрде алып жүру қажет.