Тамыздағы ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталады

Автор: Алмас Ерсін

Талапкерлер өтінішті онлайн тапсырып, тестілеу күні, уақыты мен өткізу орнын өздері таңдай алады

Фото: © istockphoto.com

25 шілдеден бастап Қазақстанда тамыздағы ҰБТ-ға қатысуға өтініш қабылдау басталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Ал тестілеудің өзі 10–15 тамыз аралығында өтеді.

«Тамыздағы ҰБТ ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу үшін тестілеуді қайта тапсырғысы келетін талапкерлерге арналған. Бұған дейінгі ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балл жинай алмаған қатысушыларға тестілеуден қайта өту мүмкіндігі беріледі», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар бұған дейін ҰБТ тапсырған талапкерлер тамыздағы тестілеуге өтініш беру кезінде бейіндік пәндер комбинациясын өзгерте алады. Өтініш берген кезде талапкерлер тестілеу өтетін орынды, күнін және уақытын өздері таңдайды.

Тамыздағы ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар, шетелде орта білім алған түлектер, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа даярлық бағыттарына немесе өзге білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер, сондай-ақ алдыңғы оқу жылында шекті балл жинай алмағанымен ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған азаматтар қатыса алады.

Ал колледж түлектері өз мамандығы бойынша ақылы негізде жоғары оқу орнында білімін жалғастыруды жоспарласа, әңгімелесу нәтижесі бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргізеді.