Қазақстандықтарға «Әділет» партиясына қабылданғаны туралы SMS жаппай келе бастады: не болып жатыр?

«Әділет» партиясының жаңа мүшелері партияға қабылданғаны туралы SMS-хабарлама ала бастады

Қазақстандықтарға «Әділет» партиясына қабылданғаны туралы SMS жаппай келе бастады: не болып жатыр?
Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде «Әділет» партиясына қабылданғаны туралы SMS-хабарламалардың скриншоттарын жаппай жариялап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Хабарламалар «Әділет.365» цифрлық платформасы арқылы жіберіліп жатыр. SMS-те: «Құттықтаймыз! Сіз ADILET партиясының мүшесі атандыңыз» деген мәтін және жеке кабинетке өтетін сілтеме көрсетілген.

«Әділет.365» – партия мүшесінің жеке кабинетін, жұмысты үйлестіруге арналған цифрлық штабты және азаматтармен өзара байланысқа арналған басқа да сервистерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа.

Партияға QR-код, eGov порталы, банк қосымшалары немесе «Әділет.365» платформасы арқылы қосылуға болады.

Еске салайық, 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл сайлауға «Әділет» партиясы алғаш рет қатысады.

Осыған дейін Орталық сайлау комиссиясы партияның 186 кандидаттан тұратын партиялық тізімін тіркеген болатын. Оның құрамына белгілі ғалымдар Үнзила Шапақ пен Ерлан Батырбеков, бұрынғы прокурор Айжан Аймағанова, сондай-ақ білім беру, медицина, цифрландыру, бизнес және қоғамдық сала өкілдері енді.

«Әділет» партиясы 2026 жылғы 1 маусымда тіркелді. Партия төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды.