Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бергенін мәлімдеді

Ол Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытудың маңыздылығы туралы айтты

Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бергенін мәлімдеді
Фото: gov.kz

Қазақстанда бүгінде 4739 адам ағза трансплантациясын күтіп жүр. Осыған орай Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесіне қатысты өз ұстанымын ашық айтып, қажет болған жағдайда өз ағзаларын донорлыққа беруге келісім беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрметті достар! Адам өмірі – табиғаттың бірегей сыйы әрі әлемдегі ешбір дүниемен өлшенбейтін ең жоғары құндылық. Бұл мемлекетпен де, қоғаммен де, заңмен де, дінмен де мойындалған шындық. Әрине, бұл баршамызға ортақ, түсінікті ой. Бірақ, күні кеше «Хабар» арнасы түсірген «4739» деректі фильмін көріп отырып, осы ақиқаттың қаншалықты терең, қашналықты маңызды екеніне тағы бір рет көз жеткізгендеймін. Сөз жоқ, бұл фильм біздің адам өмірін сақтаудағы технологиялық мүмкіндіктерге ғана емес, ең алдымен әр адамға тән үміт пен өмірге құштарлық, жүрек жылатар өкініш пен қуаныш, рухани күрес сияқты үлкен сезімдерге көзімізді қайта ашқандай», – дейді министр.

Ол сөзін жалғай отырып, қазір елімізде 4739 адам трансплантация кезегінде тұрғанын, бұл 4739 үкілі үміт, елжіреген жүрек, жалтақтаған жанар екенін айта келе, олардың арасында 125 бала барын тілге тиек етті.

«Қазақстанда трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді. Әрине, донор болу немесе болмау – әр адамның жеке таңдауы. Бұл – өте нәзік әрі күрделі мәселе. Мұндай шешімге ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Меніңше, бұл тақырыпта ең маңыздысы – екі тараптың да жағдайын түсіне білу. Бір жағында – ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында – ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр. Сондықтан осы екі жағдайдың арасындағы нәзік шекара әрдайым сақталуы керек. Бұл жерде ешқандай қысым да, айыптау да болмауы тиіс. Тек әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешіміне деген құрмет болуы қажет», – дейді Аида Балаева.

Вице-министр сөз арасында өз ағзаларын донорлыққа беруге келісім беретінін айрықша атап өтті.

«Ал енді менің өз басыма келсем… Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін. Сондықтан біз бұл тақырыптықорқынышпен емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылауымыз керек деп ойлаймын. Өйткені адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ал оны сақтап қалуға бағытталған әрбір ізгі қадамның маңызы зор. Трансплантацияға мұқтаж әр адамның артында өмірге деген үлкен үміт тұр. Сол үмітті үзбеу – баршамызға ортақ адамгершілік міндет деп ойлаймын», – деп Аида Балаева сөзін қорытындылады.

Деректі фильмді 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көруге болады.