Павлодар облысындағы трагедия: қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіледі
Тергеу үкімет бақылауында болмақ
Ақтоғай ауданындағы «AQTOGAI MILK» ЖШС аумағында болған кайғылы оқиғадан соң мемлекет пен жұмыс беруші тарапынан зардап шеккендерге қолдау көрсету шаралары басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өндірістік жабдықтарға қызмет көрсету кезінде болған жазатайым оқиға салдарынан 6 адам қаза тауып, 1 қызметкер ауыр жағдайда ауруханаға түскен.
Үкімет басшылығының тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын зерттеу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына Еңбек, ТЖМ, ІІМ, Денсаулық сақтау, Экология және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ жергілікті әкімдік өкілдері енді.
Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Тергеу барысы Үкіметтің тікелей бақылауына алынды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев оқиға орнына арнайы барып, марқұмдардың жақындарымен кездесіп, көңіл айтты.
Жұмыс беруші тарап марқұмдардың отбасыларына келесідей міндеттемелерді өз мойнына алды:
- Кешенді қаржылай көмек: Марқұмдардың банктік несиелері толық өтеледі және олардың жалақысы жыл соңына дейін төленіп тұрады.
- Балаларды қолдау: Қаза тапқан қызметкерлердің кәмелетке толмаған балалары 18 жасқа толғанға дейін оларды асырау және білім алу шығындарын компания толығымен жабады.
- Медициналық көмек: Аман қалған қызметкерге қажетті барлық емдеу және реабилитация шаралары көрсетілуде.
Айта кетейік, осыған дейін Павлодар облысында кәріз құдығына түскен алты жұмысшы қаза тапқаны хабарланған.