Қазақстанда 4,7 мыңнан астам адам ағза донорын күтіп отыр: елімізде трансплантация көрсеткіші 3 есеге өсті

Автор: Аягөз Құрмаш

Жарты жылда 150 ота жасалған

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда ағза трансплантациясы бойынша оң серпін байқалады. Соңғы екі жылда қайтыс болғаннан кейінгі донорлар саны 3 есеге жуық өсіп, 2026 жылдың алғашқы жарты жылдығында 150 операция сәтті жүзеге асырылды. Сондай-ақ, ел тарихында алғаш рет балаға жүрек ауыстыру операциясы жасалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2026 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша елімізде 4 739 пациент (оның ішінде 125 бала) ағза ауыстыру кезегінде тұр. Оның ішінде 4 208 адамға бүйрек, 293 адамға бауыр, 208 адамға жүрек, 30 адамға өкпе қажет.

2023 жылы қайтыс болғаннан кейінгі 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 86-ға, ал 2025 жылы 186-ға дейін өсті. Соңғы бес жылда елімізде 1 500-ге жуық ағза трансплантациясы орындалса, оның әрбір төртіншісі (310 операция) 2025 жылға тиесілі. Ал 2026 жылдың 6 айында 150 операция жасалды (108 бүйрек, 31 бауыр, 5 жүрек, 2 өкпе, 4 мөлдір қабық).

Egov порталы арқылы 172 283 азамат өз ұстанымын тіркеген. Оның 16 109-ы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берсе, 156 174 азамат бас тартқан.

Бүгінде елдегі трансплантация инфрақұрылымы 20 өңірді, 40 донорлық ұйымды және 11 трансплантаттау орталығын қамтиды. Осы өзекті де күрделі мәселеге қоғам назарын аудару мақсатында Астанада «4739» қысқаметражды деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Фильмнің атауы дәл осы ағза ауыстыруды күтіп отырған 4 739 азаматтың тағдырынан алынған.

Картинада күрделі шешім қабылдау қажеттілігіне тап болған науқастардың, дәрігерлер мен олардың отбасыларының шынайы оқиғалары баяндалады. Фильмнің басты мақсаты қоғамда донорлық мәдениетті қалыптастырып, адам өмірінің жоғары құндылығын еске салу.