Аптап ыстыққа байланысты енгізілген: «ҚазАвтоЖол» ауыр жүк көліктеріне қойылған шектеуді еске салды

Бұл талап  ауа температурасы +25 градустан жоғары көрсеткенде, әр өңірге белгіленген уақыт аралығында қолданылады

Аптап ыстыққа байланысты енгізілген: «ҚазАвтоЖол» ауыр жүк көліктеріне қойылған шектеуді еске салды
Фото: istockphoto.com

«ҚазАвтоЖол» жаз мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктеріне қойылатын уақытша шектеу әлі де күшінде екенін еске салып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Яғни, 1 маусымнан бастап бір білікке 8 тоннадан артық жүк түсіретін ауыр жүк көліктерінің белгіленген уақытта жолға шығуы шектелген еді. Бұл талап ауа температурасы +25 градустан жоғары көрсеткенде, әр өңірге белгіленген уақыт аралығында қолданылады. Шектеу аптап ыстықта жұмсаратын асфальтты қалпында сақтап, жолдың бүлінуіне жол бермеу үшін енгізілген еді.

Атап айтсақ, 1 маусым мен 15 тамыз аралығында Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында шектеу 11:00-21:00 аралығында жүреді.

Ал Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында 1 маусымнан 31 тамызға дейін 10:00-22:00 аралығында қолданылады.

Бұл талап халықаралық тасымалға, жолаушылар автобустарына, тез бұзылатын азық-түлік, қауіпті жүк, гуманитарлық көмек тасымалдайтын көліктерге, сондай-ақ әскери және төтенше жағдай қызметтерінің көліктеріне жүрмейді.

«ҚазАвтоЖол» тасымалдаушыларға жолға шығар алдында ауа райын ескеріп, жүктің салмағы мен осьтерге түсетін күшті алдын ала тексеріп алуды кеңес етеді.