Бұлтартпас дәлелдердің негізінде күдіктілер жасаған қылмыстарын мойындаған
2024 жылғы 11 қазанда Ақтөбе облысының Хромтау қаласында полицияға жергілікті тұрғын жүгініп, жұбайының бір аптаға жуық уақыт бойы үйіне оралмағанын және байланысқа шықпай жатқанын хабарлады. Хабарлама түскен бойда іздестіру және жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу үшін жедел-тергеу тобы құрылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицейлер жоғалған азаматтың араласатын ортасын толық анықтап, туыстарынан, таныстарынан, көршілерінен және әріптестерінен жауап алды. Сондай-ақ оның болуы мүмкін орындары тексеріліп, жиналған барлық мәлімет жан-жақты зерделенді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері жоғалған азаматтың екі танысына шықты. Олардың тұрғылықты жерін тінту кезінде аса ауыр қылмысқа қатысын дәлелдейтін айғақты заттар табылды. Жоғалған адамның басы мұздатқыштан табылды. Бұлтартпас дәлелдердің негізінде күдіктілер жасаған қылмыстарын мойындады.
Жедел-тергеу тобының үйлесімді жұмысы мен тергеушінің кәсіби шеберлігінің арқасында қылмыстың барлық мән-жайы толық анықталып, жеткілікті дәлелдемелер жиналды.
Қылмыстық іс жан-жақты, толық және объективті тергеліп, заңда белгіленген мерзімде сотқа жолданды. 2025 жылғы ақпанда сот айыптау үкімін шығарды. Фигуранттардың бірі кісі өлімін жасағаны үшін айыпты деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Екінші сотталушы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін айыпты деп танылып, 4 жыл мерзімге сотталды.