Алматы зиялылары: қоғамда табысты ұлтқа тән құндылықтарды орнықтыру қажет

Талқылау барысында жастардың құндылықтар жүйесін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті дамыту, отбасы институтын нығайту, экологиялық мәдениет пен адами капиталды дамыту мәселелері де көтерілді

Алматы зиялылары: қоғамда табысты ұлтқа тән құндылықтарды орнықтыру қажет
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық, қоғам қайраткерлері мен сарапшылардың басын қосқан «Заманауи қоғамдық құндылықтар жүйесі: басымдықтар мен даму келешегі» атты дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар технологиялық өзгерістер қарқынды жүріп жатқан, құқықтық мемлекет нығайып, азаматтық қоғам қалыптасып отырған кезеңде Қазақстанның дамуына негіз болатын құндылықтарды талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиынды ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов бүгінгі таңда қоғам терең өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқанын, сондықтан берік құндылықтар жүйесін қалыптастырудың маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Бүгінде қоғам терең өзгерістерді бастан өткеруде. Ойлау парадигмасы өзгеріп, құндылықтар жүйесі трансформациялануда. Сондықтан жаңа шешімдерді бірлесіп іздеп, бұл өзгерістерді қоғам игілігіне бағыттау маңызды», — деді Абзал Нүкенов.

Оның айтуынша, ортақ құндылықтарды бөлісетін әрі қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарды тәрбиелеу – басты басымдықтардың бірі.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға, негізгі құндылықтарды дәріптеуге, ұлттық тарихымызды, тілімізді, мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді насихаттауға ерекше мән береді. Мемлекет басшысы: «Өміршең, келешегі зор идеологиялар мемлекет пен қоғамның ортақ ізденісінің арқасында ғана пайда болады. Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек», – деген болатын. Президенттің бұл сөздері ұлттық мұраны сақтап, оны қазіргі заман талабына бейімдеудің қоғам мен мемлекеттің орнықты дамуының негізі екенін айқын көрсетеді», — деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.

Дөңгелек үстелде жазушы әрі қоғам қайраткері Мереке Құлкенов рухани құндылықтар, тарихи жады, тіл, мәдениет пен дәстүр ұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қала беретінін айтты. Оның пікірінше, рухани мұраны сақтау және жастарды дұрыс тәрбиелеу ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, мемлекеттің орнықты дамуына негіз болады.

«Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов саяси мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды. Ол демократиялық институттардың дамуы Конституция мен заңдарға құрмет көрсетусіз және қоғамның ел өміріне белсенді қатысуынсыз мүмкін еместігін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Еркін Дүйсенов өз баяндамасын заң үстемдігі мәселесіне арнады. Оның айтуынша, Конституцияда бекітілген «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары мемлекеттік идеология мен қоғамдық өмірдің негізіне айналуы тиіс. Ал заңды сақтау әрбір азаматтың саналы таңдауы болуы қажет.

Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова «Адал азамат» тұжырымдамасын тұлға мен қоғамды дамытудың заманауи құндылықтық үлгісі ретінде таныстырды.

«Адал азамат» қағидаты – мемлекеттік саясаттың жай ғана бір бағыты емес, бұл – тұлға мен қоғамды дамытудың жаңа құндылықтық моделі. Оның басты мақсаты – адалдықты, жауапкершілікті, заңға құрметті бойына сіңірген және қоғам игілігіне қызмет ете алатын азамат тәрбиелеу. Бүгінде адамның ішкі адамгершілік уәжін сақтау аса маңызды, өйткені заманауи технологиялар біздің ойлау жүйеміз бен мінез-құлқымызға барған сайын күштірек ықпал етуде», — деді Айгүл Сәдуақасова.

Талқылау барысында жастардың құндылықтар жүйесін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті дамыту, отбасы институтын нығайту, экологиялық мәдениет пен адами капиталды дамыту мәселелері де көтерілді. Қоғам қайраткері Бекнұр Кисіков табиғатқа жанашырлықпен қарау азаматтық жауапкершіліктің маңызды құрамдас бөлігі екенін айтса, экономист Айбар Олжаев қазіргі экономиканың басты ресурсы білім, кәсіби құзыреттер және адами капитал екенін атап өтті.

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, соңғы уақытта халықтың байырғы дәстүрлеріне және жалпы қоғамдық әдеп нормаларына сәйкес келмейтін амандасу түрлері (сүю, құшақтасу және т.б.) кеңінен таралып келеді.

Олардың айтуынша, мұндай әрекеттер көп жағдайда орынсыз қабылданады, әсіресе аға буын өкілдері арасында.

Сондай-ақ салтанатты іс-шаралар мен тойларды өткізу ұлттық мәдениет талаптарына сай болып, дәстүрлерге, рухани құндылықтарға және жалпыға ортақ моральдық қағидаларға құрметті көрсетуі қажет. Тек сонда ғана өзгеге үлгі бола алатын әрі қоғамның берік адамгершілік негізін қалайтын жоғары ұлттық мәдениет туралы айтуға болады.

Бүгінде қоғамда қиындықтарды бірлікпен еңсеріп, елдің ілгері дамуын қамтамасыз ете алатын табысты ұлттың құндылықтарын нығайту айрықша маңызды.

Жиын қорытындысында қатысушылар Қазақстанның орнықты дамуы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтусыз, құқықтық мәдениетті арттырмай, жауапты азаматтарды тәрбиелемей және адами капиталды дамытпай мүмкін емес деген ортақ пікірге келді. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы құндылықтар қазіргі қоғам мен елдің болашағының берік негізіне айналуы тиіс.

Мақалада
#Алматы