Алматыда көздің мөлдір қабығын трансплантаттау бойынша күрделі операциялар сәтті жасалып жатыр

Автор: Асыл Арман

Мөлдір қабықты трансплантаттау – офтальмохирургиядағы ең күрделі бағыттардың бірі

Фото: istockphoto.com

Алматыда көздің мөлдір қабығын трансплантаттау бойынша ең күрделі жоғары технологиялық операциялар сәтті жасалып жатыр. Жыл басынан бері дәрігерлер 12 науқасқа осындай ота жасап, олардың көру қабілетін сақтап қалуға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында офтальмология саласындағы заманауи жоғары технологиялық операциялардың толық спектрі орындалады. Пациенттерге катаракта мен глаукоманы хирургиялық емдеу, көзішілік линзаларды имплантаттау, витреоретиналдық және реконструктивтік хирургия, сондай-ақ донорлық мөлдір қабықты трансплантаттау қолжетімді.

Мөлдір қабықты трансплантаттау – офтальмохирургиядағы ең күрделі бағыттардың бірі. Орталық қалалық клиникалық ауруханада мұндай операциялар донорлық бағдарламаның дамуының, операциялық бөлімшелердің заманауи жабдықталуының және мамандардың жоғары біліктілігінің арқасында сәтті жүргізілуде.

Бұл операциялардың ерекшелігі – аралас хирургиялық ем жүргізу мүмкіндігі. Бір операция барысында офтальмохирургтар көзішілік қысымды төмендетуге бағытталған антиглаукомалық операцияны және мөлдір қабықты трансплантаттауды қатар орындайды. Мұндай тәсіл емдеу мерзімін қысқартып, медициналық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«2026 жылдың басынан бері Орталық қалалық клиникалық аурухананың мамандары мөлдір қабықты трансплантаттау бойынша 12 операцияны сәтті орындады. Көптеген пациент үшін бұл операциялар көру қабілетін сақтап қалуға, оның сапасын жақсартуға және өмір сүру сапасын едәуір арттыруға нақты мүмкіндік болды», – делінген министрлік хабарламасында.