Павлодар облысында дауыл ондаған үйдің шатырын ұшырып, ауылдар жарықсыз қалды
Табиғат апатынан ең көп зардап шеккен елді мекендер – Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кенті мен Екібастұз қаласының Құдайкөл ауылы
19 шілдеде Павлодар облысында екпіні секундына 20 метрге дейін жеткен қатты жел мен бұршақ салдарынан тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және электр желілері зақымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, табиғат апатынан ең көп зардап шеккен елді мекендер – Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кенті мен Екібастұз қаласының Құдайкөл ауылы.
Мұнда 2 көпқабатты және 47 жеке тұрғын үйдің шатыры бүлінген. Сондай-ақ Қалқаман кентінде екі мектеп пен мәдени-демалыс орталығының қасбеті мен терезелері зақымдалып, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде бірнеше пәтердің ішкі қабырғалары құлаған. Қолайсыз ауа райы салдарынан Ақсу мен Екібастұзға қарасты 11 елді мекенде электр жарығы өшкен. Сонымен қатар Қалқаман-Құдайкөл бағытындағы 220 кВ электр жеткізу желісінде сегіз тірек зақымданған.
Қазір энергетика саласының мамандары апат салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде сегіз елді мекенде электр қуаты толық қалпына келтірілсе, тағы үш елді мекенде жарық кезең-кезеңімен берілуде.
Оқиға орнына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов барып, бүлінген нысандарды аралап көрді. Сондай-ақ тұрғындармен кездесіп, жауапты мекемелердің, азаматтық қорғау қызметтерінің және коммуналдық кәсіпорындардың қатысуымен жедел штаб отырысын өткізді.
Өңір басшысы зақымданған барлық нысанды қысқа мерзімде толық тексеруді, электрмен жабдықтауды толық қалпына келтіруді, бүлінген шатырлар мен басқа да құрылыстарды жөндеуді, сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Бұдан бөлек, мектептер мен өзге де әлеуметтік нысандарды жаңа оқу маусымына дейін қалпына келтіру міндеті жүктелді.
Қазір арнайы комиссиялар келген шығын көлемін нақтылап жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, табиғат апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Жағдай облыс әкімдігінің ерекше бақылауына алынған.